Ауылдық бастамаларды дамыту жобасы аясында тұрғындармен кездесу өтті

«Ауылдық азаматтық бастамаларды дамыту» жобасы аясында Сабалақ ауылы және Қамыстыбас ауылдық округі тұрғындарымен ауылдың ластануын болдырмауға қатысты 6 кездесу (сход) өтті.

Кездесуге аймақтың экобелсенділері, жергілікті қауымдастық мүшелері, ауыл тұрғындары, Қамыстыбас ауылдық округі әкімі Алдаберген Төлеуұлы Исаев, «Қамыстыбас су тұтынушылары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, «Сабалақ-Қызылорда» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсәнем Аукенова қатысты.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты негізінде жүзеге асырылып отырған жобаның презентациясы жасалып, алдағы міндеттер айқындалды, тұрғындар ұсыныстары жинақталды. Сондай-ақ, қатысушыларға қоқысты бөлек жинау маңыздылығы мен ережелері түсіндіріліп, үнпарақтар таратылды.

Тұрғындар жоба жұмысына деген белсенділіктерін білдіре отырып, жазғы демалыс кезіндегі Қамбаш көлінің ластануының алдын алу бойынша бірлескен шаралар ұйымдастыруды, қоқыс жәшігін орналастыратын жерді анықтау және эко белсенділердің жұмысын жолға қоюды, пластикалық бөтелкелер жинайтын арнайы жәшік орналастыру, ауыл тұрғындары мен оқушыларға арналған эко-сабақтарды дәріс түрінде өткізу секілді ұсыныстар айтты. Қамыстыбас ауылының және маңайындағы демалыс орындарының ластануын болдырмауға қатысты аталған және өзге де мәселелер бойынша жоба аясында бірлескен шаралар жүзеге асырылатын болады. Бұл жөнінде «Қамыстыбас су тұтынушылары қоғамы» қоғамдық бірлестігімен Меморандумға қол қойылды. Шара соңында ауыл маңында, Қамбаш көлі маңайында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Кездесу Қамыстыбас ауылдық округіндегі № 21 орта мектепте өтті. Келелі іске азаматтық ұстанымын білдіріп, ұйымдастырушылық қолдау білдірген ауылдық округ әкімі Алдаберген Төлеуұлына, мектеп басшылығы мен ұжымына алғыс білдіреміз!