2023 жылғы 1 қазан мен 10 қараша аралығында ұйымдастырылуы жоспарланған «Азаматтық қоғам және мәдениет: Қазақстанның жаңаруы бағытындағы құндылықтар мен басым бағыттар» тақырыбындағы XI облыстық Азаматтық Форум аясындағы шаралар жалғасын табуда. Форум делегаттары Қорқыт Ата мемориалдық кешенімен танысты.
Қорқыт Ата ескерткіші Жосалы кентінен «Батыс Европа-Батыс Қытай» автодәлізі бойында, солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. 2014 жылдың қыркүйек айында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Архитектуралық комплекс ғұлама ойшыл, философ, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз, абыз – Қорқыт Атаға арналған.
Форум делегаттары сапар барысында бір-бірімен пікірлесіп, алдағы бірлескен жоспарларын талқылады, тәжірибе алмасты. Айта кету керек, елімізде ұйымдастырылып отырған Азаматтық форумдар қоғамдық ұйымдарды бір арнаға тоғыстырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделінің қағидаттарын енгізу бағытындағы шаралардың алғышарттарын жасауда. Азаматтық форум бір өңірден – екінші өңірге эстафета ретінде жалғасып келе жатқанын баршамыз білеміз, осы ретте Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы төрайымы Изден Анар Жарылқасынқызы Сыр өңірінің символына айналған қобыз мүсінін Түркістан облысы Азаматтық альянсы төрайымы Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызына табыстады. Ел үшін маңызы жоғары шара жалғасын табуда.