«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты негізінде жүзеге асырылып отырған «Ауылдық азаматтық бастамаларды дамыту» жобасы аясында бүгін Қызылорда қаласына қарасты «Сабалақ» саяжайы тұрғындары және «Сабалақ-Қызылорда» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуге Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары Жаппасбай Байқадамов қатысты. Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы Ассоциациясы төрайымы Анар Жарылқасынқызы Изден кездесуге қатысушыларға жоба презентациясын жасады. Алдағы міндеттер айқындалып, тұрғындар ұсыныстары жинақталды. Сондай-ақ, қатысушыларға қоқысты бөлек жинау маңыздылығы мен ережелері түсіндіріліп, үнпарақтар таратылды.
Тұрғындар жоба жұмысына белсене атсалысатындықтарын жеткізе отырып, саяжайға қоқыс жәшіктерін орналастыру, пластикалық бөтелкелер жинайтын арнайы жәшік орналастыру, қоқыстарды алып кететін мердігер компаниялармен, тұрғын үй қызметі қызметкерлерімен кездесу өткізу, аула тазалайтын қоғамдық жұмысшылар санын арттыру, ауыл тұрғындары мен оқушыларға арналған эко-сабақтарды дәріс түрінде өткізу секілді ұсыныстар айтты. «Сабалақ» саяжайының ластануын болдырмауға қатысты аталған және өзге де мәселелер бойынша жоба аясында ауқымды шаралар жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 16 мамырда жоба аясында экокеңесшілерге арналған семинар ұйымдастырылды. Семинар қатысушыларына экокеңесшілердің жұмыс барысы таныстырылып, экологиялық бағыттағы шараларды ұйымдастырудың қыр-сырын үйретті.
Кездесу мен семинар-тренинг Тасбөгент кентіндегі Н.Ергешбаев атындағы № 172 орта мектепте өтті. Келелі іске азаматтық ұстанымын білдіріп, ұйымдастырушылық қолдау білдірген мектеп басшылығы мен ұжымына алғыс білдіреміз!