Жергілікті қоғамдастықтың әлеуетін арттыру әдістері мен технологияларын түсіндіруге арналған семинар – тренинг 2024 жылғы 5-6 шілдеде Арал ауданы Қамыстыбас ауылы мен Қазалы ауданына қарасты Ғани Мұратбаев ауылында өтті. Семинар – тренингке бірнеше ауылдық округтарының жергілікті қоғамдастықтарының мүшелері қатысты.
Семинар аяқталған соң аудандық мәслихат депутаттары мен әкімдерінің қатысуымен кездесу ұйымдастырылып, түйіткілді мәселелер талқыланды.
Кездесу жергілікті қоғамдастықтың басым бағыттарын анықтау және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін ауылдың азаматтық белсенділерін біріктіру мақсатын көздейтін «Ауылдық азаматтық бастамаларды дамыту» грантының «Қызылорда облысы Баймұрат Батыр ауылы (Қызылорда қаласы), Ғани Мұратбаев (Қазалы ауданы), Қамыстыбас (Арал ауданы) ауылдық округтерінде жергілікті қоғамдастықты дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылды. Шараға 30-ға жуық белсенді ауыл азаматтары мен жергілікті қауымдастық мүшелері, депутаттар мен ауыл әкімдері қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Ауыл тұрғындарымен қажеттілік картасын әзірлеу мақсатында сауалнама жүргізілді. Пікір білдірушілердің басым бөлігі жастар арасында жұмыссыздықтың көптігі, оларға мемлекет тарапынан берілетін қаржылай 2,5 пайыздық грантқа бизнес жоспар жасау үшін кепілге қоюға қажетті жылжымайтын мүліктерінің жоқтығынан ешқандай мүмкіндіктері болмай отырғандығын, мектеп, балабақша керектігін, ауыл үшін маңызды техникалармен қамтамасыз етіп, оны әкімдік балансына беруді, бұлақ көзінің жоқтығын, жол жөндеу, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына қатысты түйткілді мәселелер мен мемлекеттік тапсырыс заңдылығына өзгеріс енгізу керектігін және ол заңның қандай тұстары ауылдың дамуына кері әсерін тигізіп тұрғандығы жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Жобаның аясында ұйымдастырылған кездесулердегі тұрғындардың пікірлері ескеріліп, 30-ға жуық Ұсынымдар жинақталық салалық принциппен министрліктерге жолданатын болады.