Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің және белсенді халықтың қатысуымен кездесу

Ғани Мұратбаев ауылының түйіткілді мәселелерін анықтау, талқылау және шешу бағытындағы шаралар қабылдау үшін тұрғындармен кездесу өтті. Кездесу жергілікті қоғамдастықтың басым бағыттарын анықтау және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін ауылдың азаматтық белсенділерін біріктіру мақсатын көздейтін «Ауылдық азаматтық бастамаларды дамыту» грантының «Қызылорда облысы Баймұрат Батыр ауылы (Қызылорда қаласы), Ғани Мұратбаев (Қазалы ауданы), Қамыстыбас (Арал ауданы) ауылдық округтерінде жергілікті қоғамдастықты дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылды. Шараға 30-ға жуық белсенді ауыл азаматтары мен жергілікті қауымдастық мүшелері, ауыл әкімі А.Қ. Рыстығұл қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Ауыл тұрғындарымен қажеттілік картасын әзірлеу мақсатында сауалнама жүргізілді. Пікір білдірушілердің басым бөлігі ауыл Әйтеке би кентіне ең жақын орналасқандықтан, тұрғындар саны артып келе жатырғандығын, десе де жастар арасында жұмыссыздықтың көптігі, оларға мемлекет тарапынан берілетін қаржылай 2,5 пайыздық грантқа бизнес жоспар жасау үшін кепілге қоюға қажетті жылжымайтын мүліктерінің жоқтығынан ешқандай мүмкіндіктері болмай отырғандығын, мектеп, балабақша керектігін, ауыл үшін маңызды техникалармен қамтамасыз етіп, оны әкімдік балансына беруді, бұлақ көзінің жоқтығын, жол жөндеу, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына қатысты түйткілді мәселелер мен мемлекеттік тапсырыс заңдылығына өзгеріс енгізу керектігін және ол заңның қандай тұстары ауылдың дамуына кері әсерін тигізіп тұрғандығы жөнінде өз ойларымен бөлісті.

Жобаның аясында ұйымдастырылған кездесулердегі тұрғындардың пікірлері ескеріліп, 30-ға жуық Ұсынымдар жинақталып салалық принциппен министрліктерге жолданатын болады.

Әлеуметтік жобаның міндеті:

1.Тұрақты бастамашылық топтар немесе ҮЕҰ құру арқылы жергілікті қоғамдастықтардың әлеуетін арттыру.

2. Ауылда қолайлы климатты қалыптастыру және ауыл белсенділерін біріктіру мүмкіндігі ретінде материалдық емес мәдени мұраны насихаттау және дамыту.

3. Жергілікті қоғамдастық азаматтарын тарта отырып, ауылдық аумақтарды дамытудың басымдықтары мен қажеттіліктеріне талдау жасау және осы басымдықтарды мемлекеттік саясаттың күн тәртібіне енгізу.

Жоба мерзімі: 2024 жылдың сәуір-қараша айлары аралығы.

Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылады.